Алматылықтар көше бойында шаңғымен сырғанап жүр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласының тұрғындары қаланы басқан қалың қардың да пайдалы жақтарын көріп жатыр. Олар шаңғылары мен сноубордтарын сайлап, көшеде сырғанап жүр. Әлеуметтік желіде Алматының Фурманов көшесінің бойында шаңғымен сырғанап бара жатқан қала тұрғынының видеосы пайда болды.
Тағы бір видеоны өзінің Facebook парақшасында Kanin Snow аты қолданушы жария етті. Бұл көріністе тұрғындар қар басқан қала көшелерімен сноубордпен сырғанап жүр.
Айта кетейік, Алматыда 16-20 қараша аралығында 57 см қар түсті. Осыған дейін Алматының Табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Елдар Келдібаев жауған қардың әдеттегі нормадан (15-20 см) 3 есеге асып түскенін айтқан болатын. Дүйсенбі күні билік өкілдері жолдағы қарды тазалап, қалыпты жол-көлік қозғалысын қамтамасыз ететінін айтты.