Алматылықтар құтқару қызметінің жұмыстарымен танысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматылықтар Бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күніне орай жер сілкінісін сезініп, өрт сөндіру машинасы көтергішінің люлькіне көтеріліп, өрт сөндіру гидрантынан «атуға» мүмкіндік алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Алматылықтар жексенбі күні таңертең құтқару қызметінің жұмысымен танысты. Бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күніне орай, жергілікті ТЖ департаменті қала тұрғындары үшін Астана ескі алаңында өрт сөндіру, құтқару және медициналық техникалар көрмесін ұйымдастырды.
«Демонстрациялық көрме азаматтық қорғаныс және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру саласындағы білімді насихаттау, сондай-ақ азаматтарға құтқару қызметтері мен құрылымдарының мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында жүргізілуде», - деп атап өтті Алматы ТЖД өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова.
Қала тұрғындары өрт сөндіру техникаларын өз көздерімен көріп, қолдануға мүмкіндік алды. Бұдан бөлек, оларға алғашқы медициналық көмекті қалай дұрыс көрсету керектігі айтылып, төтенше жағдай болғанда өздерін қалай ұстау керектігі туралы ақпарат берілді.
Шараға Алматы ТЖД бастығы Серік Әубәкіров пен Алматы әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев қатысты.