Алматылықтар қысқы Азия ойындарының игілігін болашақта да көреді - А.Есімов

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 27-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Егер алдағы қысқы Азия ойындары болмаса Достық даңғылынан Шымбұлақ демалыс кешеніне дейінгі жол жақын жылдары жасалмас еді. Бүгін Шығыс айналма жолының уақытша жүру бөлігін ашу барысында қала әкімі Ахметжан Есімов осындай пікір айтты.

Алматылықтар қысқы Азия ойындарының игілігін болашақта да көреді - А.Есімов

Әкім өз сөзінде Медеу мен Шымбұлақ арасында апаттақ жағдайда тұрған бірнеше орынның болғанын атап өтті. «Бұл жол бойында бірнеше ірі автокөлік апаты болған еді. Сондықтан ол жолды жасау қажет болатын. Алайда қысқы Азия ойындары өтпесе, біз бұған қаржы бөлуге қол жеткізе алмас едік. Азия ойындары Шымбұлақ, Медеуді қалпына келтіріп, Балуан Шолақ сарайы мен Орталық стадионды, қала жолдарын жасауға, шаңғы трамплинін салуға көмектесті»,- деді А.Есімов.

«Сондықтан қысқы Азия ойындарында тек бір мезеттік жарыс қана көрмейміз, жасалған істің бәрі алматылықтардың игілігіне талай жыл қызмет етеді»,-деді қала әкімі.