Алматылықтар мемлекет меншігіндегі жерге заңсыз құрылыс жүргізілуіне наразы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда мемлекет меншігіндегі учаскеде заңсыз түрде құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Бұл туралы қала тұрғындары әлеуметтік желіде жариялады. Осы орайда, ҚазАқпарат тілшісі құзырлы органдардан мән-жайды анықтап көрді.

Алматылықтар мемлекет меншігіндегі жерге заңсыз құрылыс жүргізілуіне наразы

Тұрғындар Әуезов пен Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы жасыл аумақта заңсыз түрде құрылыс жүргізілетінін айтып, дабыл қағады. Бүгінде ол жерге қоршау да қойылған.

«Учаскені заңсыз түрде қоршап жатыр. Ол жер - мемлекеттің меншігі. Тек, жанындағы кадастрлық нөмірі 20-311-014-227, аумағы 0,0125 га жер учаскесі ғана меншікке берілген. Енді жасыл аумақтың қалған жерінде құрылыс жүргізбек, сондай-ақ олар мемлекеттік меншіктің қалған учаскелерін де басып алған. Мемлекеттің учаскесінен заңсыз қоршауды алып тастауды, бүкіл жасыл аумақты қалаға қайтаруды талап етеміз», - деп жазды олар.

Аталған мәселе бойынша Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасы «ҚазАқпарат» тілшісінің сауалына берген жауабында кадастрлық нөмірі 20-311-014-227, аумағы 0,0125 га жер учаскесі «Халыққа қызмет көрсетуге арналған ғимаратты пайдалану және оған қызмет көрсету» мақсатында азаматтық-құқықтық мәміле негізінде жеке меншік құқығымен жеке тұлғаға тиесілі екенін, учаскеге жеке меншік құқығы 2002 жылы Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен берілгенін хабарлады.

Ал, Қала құрылысын бақылау басқармасы көрсетілген мекенжай бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама түспегенін, сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатпағанын мәлім етті.

Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы деректер базасына сәйкес әлеуметтік желідегі суретте көрсетілген 2 жер учаскесіне (№ 20-311-014-227, № 20-311-014-398) қандай да бір жоба алдындағы құжаттар берілмегенін хабарлады.

Фото: facebook.com/Экологическое Общество Алматы