Алматылықтар Наурызды қалай тойлайды
АЛМАТЫ. ҚазАҚпарат - Алматылықтар Наурыз мерекесін биыл жаңа форматта тойламақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалада Халықаралық әйелдер күні - 8 наурыз мерекесі аяқталысымен бір ай бойына аталып өтетін «Наурыз-2018» мерекесіне дайындық шаралары басталады.
Негізгі мерекелік шаралар мегаполистің бірнеше алаңдарында 22 - 25 наурыз аралығында сағат таңғы 10:00-ден кешкі 21:00-ге дейін өтеді.
Астана алаңында жыл сайынғы дәстүрлі үлкен мерекелік концерт, ұлттық ас мәзірі фестивалі өтеді. Жалпы, бұл күндері алаңда 6 киіз үй тігіледі. 14 инсталляция («кереге құрақ», «қос», «абылайша») орнатылады, балалар және спорт орындары, сауда шатырлары, фудкорттар, 1200 орындық көрермендер трибунасы ұйымдастырылады. Негізгі мерекелік концертке ТМД-ның 6 елінен және Түркиядан 500-ден астам әртіс пен 1500 ерікті қатысады.
Мереке фейерверкке ұласады.
Жаңарған Панфилов және Жібек Жолы көшелерінде 22-25 наурыз күндері сағат таңғы 10:00 мен кешкі 22:00 аралығында мерекелік шаралар болады. Бұл күндері мұнда 120 000-нан астам адам келеді.
Айта кетейік, 2016 жылы көпұлтты «Наурыз» жобасы ЮНЕСКО-ның материалды емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енген болатын. Бұл бастамаға 12 ел: Иран, Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Ирак, Түрікменстан және Тәжікстан қолдау білдірді.
Енді шетелдіктер жаңарған Панфилов көшесінде киіз үй тігу, қыш, керамика, киізден, мехенеден бұйымдар жасау бойынша арнайы шеберлік кластарын өткізеді.
Сонымен қатар, алтын жіппен бұйым тігу, ортеке, шырдақ, зергерлік бұйымдар мен шыны жасау класстары да ұйымдастырылады. Бұлардан өзге театрландырылған «Көш керуені» жүреді.
22 наурызда Жүргенов академиясы жанындағы сахнада өтетін концерттік бағдарламада Өнер академиясының студенттері өнер көрсетеді.
Сонымен қатар қаланың жоғары оқу орындары арасында «Ән бәйге» атты авторлық ән конкурсы, «Биле-биле» көңіл көтеретін шара мен «Әз Наурыз Алатау алабында» атты театрландырылған қойылым көрсетіледі.
22 наурызда мерекелік бағдарлама Атлеттер ауылында жалғасады.
Онда спорт секциялары мен «Disco стиліндегі Наурыз» концертіне қатысушылар үшін түрлі ұтыстар мен байқаулар өтеді. Белсенділікті аттыру мақсатында қазақ күресінен, джиу-джитсудан, таэквондодан, каратэден, бокстан жарыстар ұйымдастырылып, спортшылар түрлі әдістерді көрсетеді. Аталған сайысқа ниет білдірушілер де қатыса алады. Шахматтан, тоғыз құмалақтан шеберлік сыныптары өтеді, хореография студиялары қара жорға, қамажай және басқа билерді ұсынады, би батлы бойынша флешмоб ұйымдастырылады.
Музыкалық студия үзілістер кезінде домбырамен күй шертеді, хоккей академиясы нағыз хоккей матчын өткізеді. Бұлардан өзге топтық жарыстар да өтеді, олар: эстафеталар, стол теннисі, үрленген батут, армреслинг, арқан тарту, обруч, арқанмен секіру, асық ату, аниматорлардың қатысуымен түрлі шаралар, белсенді интерактив: шыңға өрмелеу, садақ ату, боулинг, дартс және басқалары. Отты шоу ұсынылып, иллюзионистер, сиқыршылар өнер көрсетеді.
22 наурызда «Алматы Арена» маңында «Наурыз - бүкіләлемдік мәдени мұра» бағдарламасы өтеді. Аспаздық шеберлік сыныптарында шетелдік қонақтар ас пісірудің қыр-сырын үйретеді.
Әзербайжан аспаздары - лавашта күріш, пахлава мен боялған жұмыртқа; түрік аспаздары - шпинатты бөрек, лукум; түрікмен аспаздары - чурек, пишме, чапад, күлше, тәттілер; ауған аспаздары - жеті жемістің компотын; өзбек аспаздары сумаляк пен «Наурыз көже»; иран аспаздары боялған жұмыртқалар мен құрғақ жемістер, кәуап; тәжік аспаздары тәтті күріш; үнді аспаздары «тандай» сусынын, Азия ас мәзірі wok-кеспені; грузин аспаздары хачапуриін, кәуаптарын; ал қазақтың ас мәзірінен «Наурыз көже», бауырсақ, Қаттама пісіріп үйрететін болады.
Бұлардан өзге, «Almaty Art Center» алдына сауда алаңы ұйымдастырылып, онда қонақтарға "Qazaq Oner" орталығының ұлттық сувенирлері, киімдер, музыка аспаптары ұсынылады.
23 наурызда «Алматы Аренада» «DIDCO стиліндегі Наурыз» атты үлкен концерт өтеді, онда әлемге танымал BACCARA, KEVIN MCCOY EX BAD BOYS BLUE, LONDONBEAT, OTTAWAN, SOUNDS OF BONEY M SHEYLA BONNICK, SECRET SERVICE, JOY, ARABESQUE ORIGINAL MICHAELA ROSE және басқалары өнер көрсетеді.
Жібек Жолы бойындағы сахнада 24-наурызда «Наурыз-Думан» өтеді. Мұнда 11:00-ден 17:00-ге дейін ҚР Суретшілер Одағы шеберлері мен жас суретшілердің біріккен пленэрі, 19:00-21:00 аралығында - «Open air cinema» өтеді. Көпшілікке Ш. Аймановтың ретроспективті кинолары мен Қазақстанның материалды емес мәдени мұрасы болып табылатын «Қыз Жібек», «Ортеке», «Киіз басу», «Қорқыт Ата мұрасы: Эпикалық мәдениет және музыка», «Қазақтың зергерлік бұйымдары», «Кесте», «Асық ату» және басқа фильмдер көрсетіледі.