Алматылықтар Панфилов дивизиясының әскери жаттығуын көрді

Қаладағы 28 гвардияшы панфиловшылар паркінде жұртшылық назарына «316-шы атқыштар дивизиясының майданға аттанар алдындағы әскери лагері» атты тарихи-патриоттық көрсетілім ұсынылды.
Көрсетілім барысында панфиловшыларды әскери жаттығуларға, әскерге жаңа келгендерге киім кию, мылтық ұстау, алғашқы медициналық көмек көретуге үйрету жолдарын көруге болады. Сондай-ақ винтовка, штыктар мен саперлік күректерді қолдану арқылы қолма-қол ұрыс түрлері, винтовка, пистолет-пулемет, револьвер, қол пулеметтерінен атып жаттығу түрлері көрсетілуде.
«Өткен тарихи оқиғаны көпшіліктің көз алдына келтіру жұртшылыққа Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарын түсінуге, өзі қатысқандай әсер алуға жетелейді. Біздің шара жұртшылықтың біздің тарихымызға қызығушылығын оятуға септігін тигізер деген ойдамын», дейді шараның ұйымдастырушысы «Ақпараттық бастама» корпоративтік қорының директоры Михаил Тюнин.
Көрсетілімнен бөлек саябақ аумағында Панфилов дивизиясы туралы ақпараттық көрме қойылған. Онымен танысуға келген адамдарға генерал-майор И.В.Панфиловтың немересі Айгүл Байқадамова әйгілі дивизияның өмір жолын баяндады.
Шара ҚР Тұңғыш Президенті қорының, Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының, ҚР Қорғаныс министрлігінің қолдауымен өткізілуде.