Алматылықтар ПИK-тен МИБ-ке ауысудың қиындығына шағымданды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жетісу ауданында орналасқан көппәтерлі тұрғын үйдің тұрғындары қала әкіміне пәтер иелері комперативінің қызметіне шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматылықтар ПИK-тен МИБ-ке ауысудың қиындығына шағымданды

Тұрғындардың айтуынша, олар үйді басқарудың жаңа жүйесі Мүлік иелерінің бірлестігіне (МИБ) өте алмай отыр. Almaty телеарнасының тікелей эфирінде «Көкмайса» ықшам ауданының тұрғыны МИБ-ке көшудің дұрыс жолдарын сұрады.

«Біздің ПИК мүлде жұмыс істемейді, олар жеті жыл бойы жұмыс істеген жоқ. Төраға немен айналысатыны түсініксіз. Егер біз МИБ-ке ауысамыз десек, онда ол «біздің үйде оған қарызы бар, сотқа берем» деп қорқытады. МИБ-ке ауысу үшін қайда барып, не істеу керектігін білмейміз»,- деді қала тұрғыны.
Бақытжан Сағынтаев осы сұрақ бойынша қазір Тұрғын үй саясаты басқармасы кеңестер беріп, аудан әкімдіктерімен бірлесе қаладағы барлық ПИК-терді мүлік иелері бірлестігіне немесе қарапайым серіктестікке (ҚС) көшуге көмектесіп жатқанын айтты.
«Заң қабылданды. Енді сіздер не МИБ немесе ҚС-ге көшуіңіз керек. Басқа жолы жоқ. ПИК-те қала бере алмаймыз. «Ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмейді, ПИК төрағасы сотқа деп қорқытады» дедіңіз, алайда тұрғындардың өздері ПИК төрағасын сотқа бере алады. Сондай-ақ, одан тұрғындардың төлеген ақшасы қайда кеткенін, үйдің жағдайы неліктен нашар екенін сұрауға болады. Ондайдан қорқудың қажеті жоқ. Сіздер тұрғындар өздеріңіз жиналыс өткізіп, қандай формаға ауысуды, МИБ немесе ҚС-ке ауысуды шешуіңіз керек», - деп жауап берді әкім.
Бақытжан Сағынтаев Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Данияр Қырықбаевқа аталған мәселені шешуді тапсырды.