Алматылықтар «Тәуелсіздік таңы» монументіне гүл шоқтарын қойды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматылықтар 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алып, «Тәуелсіздік таңы» монументіне гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы қаласы әкімдігінен хабарлағандай, салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, желтоқсан оқиғасына қатысушылар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Іс-шараға қатысушылар тәуелсіздік жолында құрбан болған жастарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Дін өкілдері құран бағыштады.
Айта кетейік, «Тәуелсіздік таңы» монументі 2006 жылы Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына орай ашылған. Монумент Алматы қаласындағы Желтоқсан мен Сәтбаев көшелерінің қиылысында орналасқан. Ескерткіш тәуелсіздік, ұлт болашағы, ұрпақ тағдыры үшін жанын қиған қазақ жастарына арналған.
Еске салайық, 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні Алматы әкімі Ерболат Досаев бастаған қала жұртшылығы Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойды.
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында 16 желтоқсан оқиғасына қатысты жазба жариялады. Онда: «Төл тарихымызда өшпес із қалдырған Желтоқсан оқиғасына бүгін 36 жыл толды. Сол ызғарлы күндерде халқымыз қайсар рухы мен азаттыққа деген ұмтылысын паш еткен еді. Желтоқсан қаһармандарының ерлігі мен құрбан болған боздақтардың бейнесі жұртымыздың жадында мәңгі сақталады»,-деп жазды Президент.