Алматылықтар «Таугүл» ықшамауданында көпқабатты үй салуға қарсы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Таугүл» ықшамауданының тұрғындары бұзылған ескі үйлердің орнына көпқабатты тұрғын үйлердің салынуына наразылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жуырда «Таугүл» ықшамауданының тұрғындары көпқабатты үйлердің салынуына қарсылық білдіріп, Мемлекет басшысына үндеу жасаған болатын. Осы мәселеге байланысты ҚазАқпарат агенттігі қалалық әкімдіктен ресми түсініктеме беруді сұрады.
«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өкілдері түсіндіргендей, Сүлейменов, Жандосов және Рысқұлбеков көшесінің бойында орналасқан апатты үйлер «Алматыда 2021-2025 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасына» енгізілген.
«Аталған көшелердегі үйлерді жаңарту жеке инвестор-салушымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Жоба 8 кезеңінен тұрады. Бүгінде жобаның бірінші кезеңіндегі құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кетті. Оның аясында 5 апатты үй сүрілді, бұл 40 пәтер. 25 отбасы «Алматы» ӘКК» тұрғын үй қорынан бөлінген үйге көшірілді, ал 15 отбасы құрылыс аяқталғанан кейін өз аудандарына оралуды жоспарлап отыр», - деп атап өтті ӘКК өкілдері.
Ведомстваның хабарлауынша, 2-8 кезеңге арналған даму тұжырымдамасы әлі бекітілген жоқ. Оны әзірлеу барысында қоғамдық тыңдаулар өтеді.
«Бұл жобаға қатысты қоғамда екітүрлі көзқарас қалыптасты.Тозығы жеткен үйлердің тұрғындары ескі үйлері бұзылып, жаңадан салынуын қаласа, жақын маңдағы үйлердің тұрғындары көпқабатты үйлердің құрылысына қарсы. Қазіргі уақытта белсенділермен бір ымыраға келу жұмыстары жүргізілуде», - деп түсіндірді «Алматы» ӘКК.
Бұған дейін 2022 жылы Алматыда 278 пәтерлік 32 апатты үй бұзылатыны туралы жазған болатынбыз.