Алматылықтар тәулігіне қанша су тұтынады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы тұрғындары үшін тәулігіне 600 мың текше метр су беріледі, деп жауап берді «ҚазАқпарат» тілшісінің сауалына «Холдинг Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнынан.
«ҚазАқпарат» тілшісіне аталған мекеме қызметкерлерінің айтуынша, Алматы қаласының су арналары су ресурстарымен қамтамасыз ету бойынша үздіксіз жұмыс істеп тұрған еліміздегі ең ірі жүйе.
«Алматы су арналары қала тұрғындарымен қатар, ірі кәсіпорындарды да сумен тұрақты қамтамасыз етіп отыр. Алматы қаласы суды негізгі төрт арна бойынша алады. Олар: Үлкен және Кіші Алматы өзендері мен жер асты су қорлары және Алматы, Талғар жер қойнауларындағы су арналары. Дәл қазіргі уақытта беріліп отырған судың 63 пайызы жер асты суларынан алынып отыр. Су 150 және 500 метр тереңдіктен алынады», делінген хабарламада.
Үлкен және Кіші Алматы өзендері мен Үлкен Алматы көлінен алынған сулар тазартылып, нысандарды тазалау жұмыстарына пайдаланылады.
«Холдинг Алматы Су» КМК 2017 жылы кәсіпорын есебінен 15,8 шақырым суарнасына жөндеу жұмысын жүргізгелі отырғанын жеткізді. Қайта жөндеу жұмыстары арқылы мегаполистің 18 мың тұрғыны үздіксіз сумен қамтамасыз етілмек. Соңғы 5 жылда аталған мекеме өз қаржысы есебінен 146 шақырым сужелісіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, шығындарды азайтқан.