Алматылықтар тұңғыш рет «Дакар 2011» ралли-марафон жарысына қатысатын «Астана» автокомандасын жолға шығарып салуда
АЛМАТЫ. Қазанның 30-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін «Астана» автокомандасы «Дакар 2011» ралли жарысына қатысуға аттанады. Олар тұңғыш рет бұл айтулы додада күштерін сынамақ. Шығарып салу қазір қала ортасындағы «Астана» алаңында өтіп жатыр.
Команданың құрметіне еліміздің ең үздік автоклубтары мен автокөлік құлағында ойнайтын шебер каскадерлер автошоу ұйымдастырып, өнерлерін көрсетуде.
Шоу аяқталысымен спортшылар «Дакар 2011» жарысына аттанады. Биыл ол жарыс Аргентина-Чили бағыттары бойынша өтеді.
Команданың көшбасшысы, пилот Артур Ардавичустың айтуынша, Қазақстан командасы бәсекеге түсуге дайын. "Дакар" жарысына қатысу біздің баяғыдан бергі арманымыз. 2008 жылы бұл ралли-марафон кейінге қалдырылған болатын. Енді мүмкіндігіміз туды. Біз барлық жағынан шеберлігіміз бен мүмкіндігімізді көрсетуге, "Астана" атының даңқын асқақтатуға дайынбыз. Біріншіден, біздің тәжірибеміз бар, екіншіден темір тұлпарларымыз үлкен сынға сақадай сай, ең бастысы - жетістікке жеткізетін үміт бар, ол қазақстандықтардың қолдауы",-деді Артур Ардавичус.
Команданың 12 жылдық тарихы бар. Олар өз ісінің нағыз шеберлері, әлемнің көп елдеріндегі жарыстарға қатысып, көптеген кубоктар мен медальдар жинап үлгерген. Команда мүшелерінің айтуынша, ол жарыстар ең басты «Дакар» жарысына дейінгі дайындық кезеңдері болды.
«Астана» командасы құрамына команданың директоры Марат Абықаев, пилот Артур Ардавичус, штурман Денис Березовский және көлік механигі Жанат Жалымбетов кіреді.
Қазақстандық Автомотоспорт федерациясының президенті Болат Ақтаевтың айтуынша, «Дакар» жарысына қатысу - айтулы оқиға, ол біздің еліміздің жоғарғы технологиялық жарыс түрлерінен бәсекеге түсе алатындығымызды білдіреді. "Астана" әлемнің ең мықты командалары қатысатын жарысқа алғашқы рет барғалы отырғанымен, айтулы додаларда өз күшін сынаған мықты команда. Біз олардың жетістігіне сенеміз және барлық қазақстандықтарды қолдауға шақырамыз", -деді ол.