Алматылықтар Ұлыстың Ұлы күнін тойлауда (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар Ұлыстың ұлы күнін ұлықтауда. Орталық мәдени және демалыс саябағы «Наурыз мейрамының» басты алаңына айналды. Бүгін саябақ ішіндегі «Спартак» стадионында ине шаншар жер жоқ. Халық мейрамға орай ұйымдастырылған мерекелік концертті тамашалауда.

Алматылықтар Ұлыстың Ұлы күнін тойлауда (ФОТО)

«Наурыз - қашанда халқымыздың бай салт-дәстүрін ұлықтап, өзара ынтымағымыз бен береке-бірлігімізді нығайтатын қасиетті мейрам. Наурыз біздің нағыз жаңа жылымыз болуы керек деп Елбасы атап өткендей, тәуелсіздік алған соң Наурыз мейрамы жаңғыртылып өткізіліп келеді. Бұл дәстүрімізді сақтап, өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарды бағалауға шақырады. Жалпыхалықтық мерекеге айналған ұлыстың ұлы күніне ел іргесінің тыныштығы мен ілгері дамуының арқасында жеттік. Елдегі тұрақтылық пен тұтастық арқасында экономикамыз жыл сайын көтеріліп, халықтың әл-ауқаты артып келеді. Халықты әлеуметтік қолдау мен инфрақұрылымды дамыту дамылдаған емес. Бұл жұмыстар тұрақты жалғасын табады», - деді қала әкімі А.Есімов.

Алып шаһардың тұрғындары мен қонақтарына көңілді демалу үшін интерактивті және тақырыптық аймақтар жасалған.

«Қазақ ауылы» этно-реконструциясында «Қазақ хандығының 550 жылдығы» тақырыбында фотокөрме, шеберлер жәрмеңкесі, шоу мен аттракциондар, балалар саябағы, дәстүрлі мерекелік тағам, Мемлекеттік қуыршақ театры әртістерінің, зообақ жануарларының шеруі, мемлекеттік цирктің қызықты шоулары, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен өзге де өнер жұлдыздарының концерті өтті.

Жастар жағы күрес, арқан тартыс, асық ату сияқты ұлттық спорттық ойындарда күш сынап жатса, бүлдіршіндер асфальтқа қызыл-жасыл сурет салумен айналысуда.

Бірнеше жерде қазақтың ұлттық мерекелік тағамы - Наурыз көже таратылуда.

Айта кетейік, оңтүстік астана тұрғындары Наурыз мейрамын кешеден бері атап өтуде. Әр ауданда, Алатау ауданында - әкімдік алдындағы алаңда, Алмалы ауданында - «MEGA PARK» ССО, Әуезов ауданында - әкімдік алдындағы алаңда, , Бостандық ауданында - «MEGA» ССО, Жетісу ауданында - «Айнабұлақ» ықшам ауданындағы скверде, Медеу ауданында - Оқушылар сарайы алдындағы алаңда, Түркісб ауданында - Сейфуллин атындағы саябақта, Наурызбай ауданында - №188 орта мектептің спорт алаңында мерекелік шаралар өтуде.

Алматылықтардың мереке өтетін жерге баруына барынша қолайлы болуы үшін орталық саябаққа мегаполистің сегіз ауданынан 174 автобус қатынауда.