Алматылықтар жаһандық акция аясында Гиннестің рекордтар кітабына енеді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Акция Гринвич уақыты бойынша 13:30-да, ал Алматы уақыты бойынша 19:30-да басталады. Осы кезде әлемнің барлық тұрғындары «The Beatles» тобының «All you need is love» әнін бір мезгілде шырқамақ. Жанды дауыспен ән салу ғаламторда тікелей эфирде көрсетіледі.
Жалпы, бұл шара 1967 жылдан бастап өткізіліп келеді. Сол кезде ұйымдастырылған ең алғашқы халықаралық тікелей эфирге 26 елден 400 миллион адам қатысқан болатын. Жаһандық іс-шараның маңыздылығын арттыра түсу үшін тұңғыш акцияға «Битлз» тобы қатысып, өздерінің «All you need is love» әнін шырқаған еді.
Акция аясында қайырымдылық көмек те ұйымдастырылады. Дүние жүзінің 196 мемлекеті қатысуды көздеп отырған игі жиында 3 миллион доллардан астам қаржы жинау көзделіп отыр. Бұл қаржы Жаһандық қордың атынан Африкада ЖҚТБ дертімен күресуге жұмсалады.
Аталмыш оқиға игі мақсаттарға арналған жаһандық бастама ретінде Гиннестің Әлемдік рекордтар кітабына тіркелетін болады.
Акцияның Алматыда өтетін бөлігіне қатысуға қарапайым тұрғындар мен белгілі қайраткерлер ниет танытып отыр. Шара «Көктөбе» демалыс саябағында ұйымдастырылмақ.