Алматылықтар жаһандық ауқымдағы акцияға қатысты

АЛМАТЫ. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ -    Желтоқсанның 7-сінде АҚТҚ індетін жұқтырған жандардың мәселелеріне жұрт назарын аудартуға бағытталған акция әлемнің барлық елдерінде бір мезгілде өткізілген болатын.

Алматылықтар жаһандық ауқымдағы акцияға қатысты

   Бұл шараға қазақстандықтар да атсалысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Алматыда өткен акцияда дүние жүзінің халықтарымен қосылып 20 отандасымыз «The Beatles» тобының «All you need is love» әнін бірге шырқады. Жанды дауыспен орындалған жаһандық хор ғаламторда тікелей эфирден көрсетілді.

 Акцияның продюсері Дина Сабырованың айтуынша, бұндай игі шараға еліміз алғаш рет атсалысып отыр. «Бізге қойылған басты талап ағылшын тілінде ән сала алатын адамдарды қатыстыру болды. Ән күрделі де қиын, сондықтан ән салған әлем жұртшылығынан қалмай шырқау оңайға түскен жоқ», дейді ол.

 Жалпы, бұл шара 1967 жылдан бастап өткізіліп келеді. Сол кезде ұйымдастырылған ең алғашқы халықаралық тікелей эфирге 26 елден 400 миллион адам қатысқан болатын. Жаһандық іс-шараның маңыздылығын арттыра түсу үшін тұңғыш акцияға «Битлз» тобы қатысып, өздерінің «All you need is love» әнін шырқаған еді.

 Аталмыш оқиға игі мақсаттарға арналған жаһандық бастама ретінде Гиннестің рекордтар кітабына тіркелетін болады.