Алматылықтар жаппай электросамокатқа көше бастады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы тұрғындары арасында  электросамокат пен электровелосипедке деген сұраныс күрт артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматылықтар жаппай  электросамокатқа көше бастады

Жеңіл көліктердің сатылымы былтырғымен салыстырғанда 70 пайызға артқан.

Қала билігі бұл құбылысты қаладағы веложолдардың, велосипед дәлізінің жақсаруымен байланыстырып отыр.

Биыл велодәліз 30 шақырымға ұлғайған.

Айта кету керек, 2018 жылы Назарбаев, Абай, Абылай хан, Республика сарайы, Желтоқсан, Гоголь көшелеріндегі жаяу жүргінші жолдары қайта жасалған болатын. Бұл жобаға 578 млн теңге бөлінді.

Қазір екі дөңгелекті көлікке мініп алған үлкенді де, жасты да жиі кезіктіреміз.

«Мен автокөлікпен 42 жыл жүргенмін. Қазір жасым 74-те, көзім дұрыс көрмейді. Балаларым электросамокат сыйлады. Осының арқасында қаланың орталығындағы кез келген нүктеге бара аламын. Аса көп қаржыны талап етпейді», - деді зейнеткер Владимир Иванов.

Ең қымбат самокаттарда электр қуаты 800 Вт жетеді, жылдамдығы да жоғары.

Электросамокат сағатына 30 шақырымға дейін жүре алады.

Бұл модельде аккумулятор рульде орналасқан. Сол себепті, көлшіктерден өткенде батареяға су тимейді. Қажет болса, екінші аккумулятор орнатуға да мүмкіндік бар.

Сонымен қатар, арнайы қосымша орнату арқылы самокаттың қуат күшін, жылдамдығын бақылап отыруға болады.

Айта кету керек, элеткросамокатпен жүру үшін жүргізуші куәлігі қажет емес. Ең бастысы жол ережесін сақтау керек. Атап айтқанда, электросамокат тізгіндеген жолаушылар веложолдармен немесе жолдың оң жақ шетінде ғана жүруге рұқсат берілген.

«Жеңіл көліктердің» құны 70 мыңнан 250 мың теңгеге дейін.

Алматы тұрғыны Ерлан Алимханов электровелосипед-трансформер ойлап тапты.

«Инновациялық техника бірнеше есе жиналып, бүктеле алады. Электробайк-трансформер үшін арнайы тұрақ қажет емес, әрі үйдегі тоқпен қуатталады», - деді Ерлан Алимханов.