Алматылықтар жеке сектор жанынан көпқабатты үй салуға қарсы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Қалқаман» ықшамауданындағы жеке үйлерде тұратын алматылықтар көпқабатты тұрғын үй кешенінің салынуына қарсылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тұрғындар жеке үйлер мен коттедждердің арасына көпқабатты тұрғын үй кешенін тұрғызуға қарсы. Олардың пікірінше, көпқабатты құрылыс ауданның сәулеттік келбетін бұзады, жел көтеріледі, ауаны ластайды. Одан бөлек, жалға берілетін пәтерлер қылмыстық жағдайға әкеледі.
Сонымен қатар белсенділердің пайымынша, тұрғын үй кешені автотұрақ тапшылығын тудырады.
Тұрғындар көпқабатты үй орнына спорт және ойын алаңдары бар саябақ салуды ұсынды.
Наурызбай ауданының әкімдігі Талжанов көшесі, 1А мекенжайындағы учаске заңды тұлғаға тиесілі екенін мәлім етті.
Қазіргі уақытта тұрғын үй кешенін салу жобасы бекітілген жоқ.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы» Заңының 13-бабына және «Қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыру мен қала құрылысын жоспарлау ережелері» қағидатына сәйкес, құрылыс салушы жобаны қоғамдық талқылаудан өткізуге міндетті», - деп атап өтті әкімдіктен.