Алматылықтарды қанттың әр сауда орнында әртүрлі бағасы таңқалдырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтарды қанттың әртүрлі бағасы таңқалдырды. Осыған орай қалада аудан әкімдігі әлеуметтік маңызы бар өнімнің құнын асыра көтеру фактісін тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Facebookәлеуметтік желісінде қала тұрғыны Шаляпин – Момышұлы көшелерінің қиылысындағы дүкендердің бірінен қанттың келісін 750 теңгеден, ал қаланың басқа бір бөлігінде оны 475 теңгеден сатып алғанын жазған. Сондай-ақ ол түбіртектердің суретін жүктеді.

Әлеуметтік желідегі жазбадан кейін Әуезов ауданының әкімдігі аталған дүкенді тексерді. Қанттың қымбаттау фактісі расталмады.

«Қазір ол жерде қанттың келісі 496 теңгеден сатылып жатыр. Дүкен әкімшілігі бағаны көтермегенін айтты», – дейді Әуезов ауданы әкімі аппаратының кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Айбол Өмірбеков.

Сонымен қатар, ол ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының негізсіз қымбаттауына байланысты үй маңындағы азық-түлік дүкендері мен базарларға апта сайын мониторинг жүргізілетінін жеткізді.

Оның айтуынша, бүгінде қала бойынша қанттың келісі орташа есеппен 450 теңге.

Бұған дейін ҚР Сауда және интеграция министрлігі елде қант тапшылығы жоқ екенін хабарлаған болатын.



Соңғы жаңалықтар