Алматылықтардың 42%-ы кенеден қорқады - сауалнама
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда энцефалит кенесі шағатын маусым басталды.
Осыған байланысты сақтандыру компаниясының сарапшылары тұрғындар арасында сауалнама жүргізген.
1500 адамның 42%-ы кенеден қорқады екен, 26%-ы кене маусымын елемей табиғатқа шыға береді. Респонденттердің 11,2%-ы табиғатқа мүлде шықпайтындықтан, басын ауыртпайды. 6,4%-ын бұрын кене шаққан. Сұралғандардың тек 5,1%-ы ғана екпе алады, 2,1%-ы түрлі жақпамайларды қолданады.
Ал тұрғындардың ақпараттандырылу көрсеткішіне келсек, респонденттердің 21%-ы кене маусымын дәл анықтаған.
Мамандардың айтуынша, жәндіктердің ерекше белсенділігі маусым айының бірінші жартысына келеді.
Көбінесе түскі 12-ден 2-ге дейінгі аралықта адам тәніне жабысқыш келеді. Кенелер 5 жылға дейін азықсыз өмір сүре алады екен.
Респонденттердің 8,6%-ы ғана қыдырып баратын аймағында зарарсыздандыру жүргізілгенін алдын ала анықтайтыны белгілі болды.
Биыл Алматыда аумағы 2354,17 га болатын таулы ормандар мен қала ішіндегі саябақтар мен скверлерде зарарсыздандыру шаралары жүргізілді.
Ал жалпы республика бойынша 8340, 34 га аймаққа арнайы химиялық қосындылар себіледі.
Жылда Қазақстанда 8-11 мың адам кене шаққанын айтып дәрігерге жүгінеді. Олардың 30%-ы балалар.