Алматылықтардың 8 млн теңгесін алдап алған әйел қолға түсті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтардың 8 млн теңгесін алдап алған алаяқ әйел ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
35 жастағы келіншекті ІІД қызметкерлері алаяқ әрекетін жүзеге асыру барысында қолға түсірген.
«1983 жылғы Т. есімді келіншек мемлекеттік органдарда танысы бар екенін айтып, клиенттеріне бір айдың ішінде мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алып беремін деп алдаған. Бұл «қызметіне» ол сыйақыны бірден алып отырған, алайда межелі уақыт біткенде оның уәделері орындалмаған. Алаяқтың құрбаны болғанын білсе де заң алдында дәлелдеп бере алмайтындықтан көп адам полицияға арызданбаған. Қазіргі уақытта күдіктінің 5 ұқсас оқиғаға қатысы бар екені анықталды. Ол адамдардың сеніміне кіре отырып, ірі көлемдегі соманы алаяқтық жолмен алған деп айыпталып отыр. Ол «клиенттеріне» 8 млн теңге шығын келтірген. Оған қатысты ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта күдікті Алматы қаласы ІІД уақытша тергеу изоляторына қамауға алынды», - деді Медеу ауданы ІІБ басшысы Болат Тотыбаев.
Полиция аталған адамның құрбаны болғандарға ІІБ-не хабарласуын сұрайды. Медеу аудандық ІІБ-нің байланыс нөмірі:
254-48-04; 254-48-09; 8-702-296-96-45; 8-707-258-03-06 и 8-702-258-03-06.