Алматылықтардың басым бөлігі дұрыс тамақтанбайды – сауалнама
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Денсаулық» ұлттық қауымдастығы алматылықтар арасында тамақтану бойынша сауалнама жүргізді. Мақсат- жұқпалы емес аурулардың алдын алу, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Денсаулық» ұлттық қауымдастығының президенті Бақыт Түменованың айтуынша, зерттеу Алмалы, Жетісу және Түрксіб ауданының тұрғындары арасында жүргізілді. Сауалнама 57 мыңнан астам адам тіркелген №5 қалалық емхана базасында өтті. Қатысушылар бес жас тобына бөлінді: 18-25, 26-39, 40-49, 50-63, 63 және одан жоғары.
Сауаланамаға қатысқан барлық респонденттердің жартысынан көбі макарон, күріш және картопты жиі тұтынады.
Фастфудты 18 бен 25 жас аралығындағы жастардың 70%-ға жуығы тұтынады. 63 жастан асқан адамдардың 6%-ы тез дайындалатын тағамға әуес екені белгілі болды.
Құрамында қант мөлшері жоғары өнімдерді, яғни тәтті кондитерлік тағамдар, тәтті газдалған сусындар мен түрлі шырынға жастар жағынан сұраныс жоғары.
Барлық жас топтарында тәтті шай мен кофені жоғары тұтыну байқалды - әр топтағы респонденттердің 90 пайызы осы сусындарды ішеді. Орташа алғанда, барлық респонденттер күніне 2,5 кесе шай/кофе ішеді. Олар оған 1,6 ас қасық қант қосады. Күніне бір адам 20 граммға жуық қант жейді.
Қазақ тағамтану академиясының бас ғылыми қызметкері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Шәміл Тәжібаевтың сөзінше, теңгерімсіз тамақтану мен макарон өнімдері, күріш, картопты сияқты тағамдарды шамадан тыс тұтыну семіздікке әкеледі. Бұл жұқпалы емес аурулардың дамуына ықпал етеді.
Оның айтуынша, Қазақстанда тіркелген өлімнің 80-85 пайызы жұқпалы емес аурулармен байланысты. Оған жүрек ауруы, өкпенің қабынуы, қатерлі ісік, қант диабеті және тағы басқалар кіреді.
«Зерттеуге сәйкес, 50 жастан асқан адамдарда жұқпалы емес аурулардың өсуі байқалады. Көбінесе бұл артериялық гипертензия, 50-ден 63 жасқа дейінгі топтағы респонденттердің 25% -ын құрайды. Сонымен қатар 50 жастан асқан адамдар арасында созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің пайызы жоғары. 26-39 жастағылардың 2 пайызы қант диабетіне шалдыққан»,- дейді ол.
«Денсаулық» Ұлттық қауымдастығының басшысы Бақыт Түменова халық арасында тамақтану, денсаулықты күту мәдениетін қалыптастыру керектігін айтты.
«Зерттеу нәтижелері Қазақстанда дәстүрлі шай ішу мәдениетіне байланысты алаңдатарлық жағдай қалыптасатынын көрсетеді, себебі қалыптасқан дәстүр бойынша Қазақстанда шай қантпен, не десерт тағамдармен ішіледі. Бұл Алматы қаласының әртүрлі жастағы тұрғындарының 90% - дан астамына тән. Зерттеу көрсеткендей алматылықтардың басым бөлігі дұрыс тамақтанбайды», – дейді «Денсаулық» Ұлттық қауымдастығының басшысы Бақыт Түменова.