Алматылықтарға 65 млн теңге шығын келтірген күдікті ұсталды

Алматы полициясы тұрғындарға 65 млн теңге шығын келтірген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматылықтарға 65 млн теңге шығын келтірген күдікті ұсталды

Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, тұрғындардан алаяқтық жолмен ірі көлемде ақша алды деген күдікпен 55 жастағы түркістандық ер адам ұсталды.

Белгілі болғанындай О.есімді азамат 5 жәбірленушіге 65 млн теңге көлемінде шығын келтірген. Ол ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Тергеу барысында ер адамның бейтаныс адамдардың сеніміне кіріп, Алматы қаласының кез келген ауданында жер телімдерін, жылжымайтын мүлікті тіркеуге, заңдастыруға және жер теліміне мемлекеттік актілерді алып беремін деп ұсыныс жасағаны анықталды. Күдікті бастапқы төлемді алып, содан кейін клиенттің ақшасымен жоғалып кетті. Қазіргі уақытта біздің бөлімшеге бес адам арызбен жүгінді», – дейді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.

Полиция қызметкерлері күдіктінің қаланың басқа аудандарында да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Осыған байланысты полиция өкілі азаматтарды күдіктіні таныған жағдайда мына телефон нөмірлеріне хабарласуға шақырады: 8-705-555-77-63 және 8-778-591-91-35.

ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.