Алматылықтарға «Жасыл аула» акциясы аясында тегін 1700 көшет таратылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Жасыл аула» акциясы аясында тұрғындарға тегін көшет таратылуда. Алматылықтардың 1700 көшет алуға ниет білдірген 133 өтінімі мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Алматылықтарға «Жасыл аула» акциясы аясында тегін 1700 көшет таратылды

Акция аясында Бостандық, Наурызбай және Алатау аудандарының тұрғындары белсенділік танытты. Экология және қоршаған орта басқармасының мамандары өтініштер бойынша көшеттерді тарату жұмысына кірісті.

«Ағаш отырғызу жұмыстары 2022 жылдың 27 қазанынан басталады. Көшеттерді тарату 3 қарашаға дейін келесі мекенжай бойынша жүзеге асырылады: Алматы қаласы Алатау ауданы, Ұлжан-2 шағын ауданы, Бертайызы к-сі, 24. Көшеттерді отырғызған соң, олардың фотоесептерін жіберу қажет», - делінеді хабарламада.

Еске салсақ, Алматыда «Жасыл аула» акциясы аясында 17-25 қазан аралығында өтінімдер қабылданатынын хабарланғанбыз . Ол арқылы көпқабатты үйлердің ауласы мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға ниетті алматылықтарға шаған, үйеңкі, шегіршін, терек, қараған мен қайыңның көшеттерін тегін алуға мүмкіндік берілді.