Алматыны қар басты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда түнімен қар жауды. Тазалау жұмысына арнайы техника жұмылдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала ішінде – 2 см, тау бөктеріндегі аудандарда – 10 см, таулы аудандарда – 15 см қар жауды.
Алматыда 22 наурызда жаңбыр жауып, оның соңы қарға айналды.
Жолдарға, қиылыстарға көктайғаққа қарсы 376 тонна материал себіліп, қар шығарылды.
Коммуналдық қызметтер тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, жалпы пайдалану орындарын күшейтілген режимде тазалап жатыр.
Қаланың жоғарғы бөлігінде қар күрелу үстінде.


987 жол жұмысшысы, 412 арнайы техника, 111 құмшашқыш техника жұмылдырылған.
Аудандық әкімдіктер мен мердігер ұйымдарда қар тазалау жұмыстарын бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
«Қазгидрометтің» болжамына сәйкес, жауын-шашын бүгін күндіз де жалғасады, кей уақытта қатты, негізінен қар түрінде жауады, түнде қалыпты қар жауады.
Ауа температурасы күндіз 0-ден 2 градусқа дейін плюс, түнде 1-ден 3 градусқа дейін минус болады.
24 наурызда күндіз, сондай-ақ 25 және 26 наурызда жауын-шашын күтілмейді.
