Алматыны көгалдандыру бойынша қала тұрғындарының ұсынысын қабылдау мерзімі ұзартылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласын көгалдандырудың тұжырымдамасына ұсыныстарды қабылдау 31 қазанға дейін ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
None
None

«Алматы қаласын көгалдандыру тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы Алматы қаласын көгалдандырудың тұжырымдамасына  ұсыныстарды қабылдау  31 қазанға дейін ұзартылғанын хабарлайды», делінген хабарламада.

Бұған дейін ұсыныстар қабылдау 2017 жылғы 15 қазанға дейін қабылданатыны ескертілген.

Естеріңізге салсақ, «Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» КММ тапсырмасы бойынша Алматы қаласын көгалдандырудың тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Тұжырымдаманы әзірлеу үшін орман шаруашылығы ғалымдары, сәулетшілер, биологтар, экономистер, гидрологтар және қоғамдық ұйым өкілдерінен жұмыс тобы құрылды.

Тұжырымдама қаланың климат ерекшелігін, топырағының құрамы, жерасты суының жақын орналасуы деңгейін, жануарлар дүниесінің биологиялық алуантүрлілігіне талдау жасауға негізделген.

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, тұжырымдама егілетін ағаш-бұта, өсімдік материалдарын таңдау, дайындау және оны күтіп баптау әдістемесінен, саябақтар, аула ішіндегі аумақтар, санитарлық қорғаныс аймағына арналған бірыңғай қалалық көгалдандыру жүйесінен құралып, қала аумағын абаттандыру және көгалдандыру жүйесін дамыту жөніндегі Алматы қаласының бағдарламасын әзірлеуге, Алматы қаласының аумағында өзінің қызметін жүзеге асырып жүрген кәсіпорындар мен ұйымдардың  қызметіне негіздеме болады.

Тұжырымдама әзірлеудегі тағы бір мақсат - бұрыннан бар жасыл желектердің күйін жақсарту және жалпы пайдаланудағы жасыл желектердің  бір адамға шаққандағы  көлемін 13 шаршы метрге дейін арттыру.Алматы қаласының тұрғындары аталған Тұжырымдамаға қатысты ұсыныстарын a@conga.kz  адресіне жібере алады.

Еске сала кетейік, «Алматы -2020» дамыту бағдарламасында Алматының қоршаған ортасы қазіргі әлемдік талаптарға сай келетін адамдардың өмір сүруіне қолайлы қала болуға тиіс екені жазылған.

«Атмосфераның ластану деңгейі 140 мкг/м3-дан 36 мкг/м3, қаланың ІАӨ-нің энергосыйымдылығы 2020 жылы 0,3 шжт/млн. долл. болады.

Осыған орай ауаға тарату көздерін мониторингілеу мен табиғат қорғау полициясының қызметін жандандырып, кәсіпорындардың ауаға таратуын төмендету бойынша шараларды қабылдауды Қазақстанның экологиялық кодексі нормаларына енгізуді қамтамасыз ету қажет. Жеке тұрғын үйлерді газдандыру, ЖЭО-тарда тазартушы қондырғыларды монтаждау, шағын және орта қазандықтарды табиғи газға немесе электр қуатына ауыстыру жоспарлануда.

Инвесторларды тарта отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу мен кәріз тазарту бойынша қуат көздерін қалыптастыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде қалдықтарды қайта өңдеу 2020 жылы 5%-дан 40%-ға дейін өсуі тиіс.

Қаланы көгалдандыру бойынша ландшафтық дизайн, жасыл-желектерді отырғызу мен күтім саласының тиісті мамандары тартыла отырып, жүйелі шаралар іске асырылады, жасыл аймақтарды заңдастыру мен түгендеу жүргізіледі, қажетті суару желілері салынады және т.б.

Сайран көлі, Бас ботаникалық бақ, Орталық мәдениет және демалыс саябағы, Алматы хайуанаттар бағы және басқа да жасыл аймақтарды жаңарту бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қала аумағын су басу мәселесін шешу үшін өзен арналарын жаңарту, су қорғау аймақтарын көріктендіру, арық желілері мен нөсер кәріздерін салу жалғастырылады», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, www.conga.kz сайтында қосымша ақпаратпен танысуға болады.

Соңғы жаңалықтар