Алматыны жайлы қалаға айналдыру үшін 15 жоба жүзеге асырылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат «Алматы-2020» даму бағдарламасының алғашқы басымдығы жайлы қала жасау үшін қалалық бюджеттен 2016 жылы 2,6 млрд теңге бөлінбек.
None
None

Бұл сомаға қаланы абаттандыру бойынша 15 жоба жүзеге асырылады. Жаңа жобалар 415 адамды жұмыспен қамтымақ.

«Мемлекет басшысының Алматыға сапары барысында берген тапсырмаларын орындау мен «Алматы-2020» даму бағдарламасының 7 басым бағытын жүзеге асыру бағытында жергілікті бюджеттен қосымша 21 млн теңге қарастырылып отыр. Атап айтқанда, жайлы қала жобасын жүзеге асыруға биыл құны 2,6 млрд теңге болатын 15 жаңа жоба атқарылады.», - деді қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Қиқымов.

Оның айтуынша, Алатау ауданында 420 га аумақты көгалдандыру үшін құны 15 млн теңге болатын 10 ұңғыма орнатылады. Қазір жұмыстың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

Сондай-ақ, Момышұлы бойындағы 12,3 га жасыл желекті суаруға құны 313 млн теңге болатын суғару құбыры төселеді. 12 мың орынға арналған мұз айдыны аренасы мен 7,1 га болатын атлетикалық қалашықтың маңын көгалдандыруға 112 млн теңге жұмсалады.

3 мың орындық мұз айдыны аренасының маңайындағы жасыл белдеуді қалпында сақтап тұру үшін 102 млн теңге жұмсалады.

Медеу шатқалы аймағына көліктің енуіне тыйым салынуына байланысты қозғалыстың жаңа концепциясы жасалады. Тротуарлар мен автотұрақтарды, шағын сәулет формаларын жасауға 48 млн теңге жұмсалады.

Медеу және Алмалы аудандарында 6 жаяу жүргін аймағы жасалады. Төлебаев, Жібек жолы, Гоголь, Наурызбай, Панфилов, Қабанбай батыр, Астана алаңында бой көтеретін бұл алаңдарда адамдардың демалуына арналған ландшафтты көгалдандыру жасалады. Балалар алаңы пайда болады. Бұған құны 170 млн теңге болатын жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр.

Бостандық ауданында Президент саябағы қайта қалпына келтіріледі. Бұл бағытта 20 млн теңге жұмсалады.

Дат сәулетшісі Ян Гейлдің концепциясы бойынша Есентай өзенінің бойымен Тимирязев көшесінен Бұқар Жырау көшесіне дейін жаяу жүргін жолын жасау үшін 10,2 млн теңге, Байсейтова көшесінің бойымен Сәтпаев көшесінен Қабанбай батыр көшесіне дейін 7,2 млн теңге қажет.

Жетісу ауданында Есентай өзенінің бойын қайта қалпына келтіру үшін жобасының алғашқы кезегін жүзеге асыруға 780,4 млн теңге жұмсалады.

Атап айтқанда, өзеннің 4,6 шақырымдық жағалауы абаттандырылып, өзен жағасы бетон конструкциямен қоршалады. 19 жаяу жүргін көпірі, 44 қоқыс жәшігі, 22 орындық қойылады.

Соңғы жаңалықтар