Алматының 100 оқушысы Ұлттық ұланның әскери бөліміне шақырылды
Мектеп оқушыларына Алматы қаласындағы 8 ауданның тыныштығы мен тәртібін қадағалайтын Ұлттық ұлан сарбаздарының жұмысы таныстырылды.
Әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтар жөніндегі орынбасары Елжан Тұрсынбаев мұндай шара үш ай сайын өткізіліп тұратынын айтты.
«Бүгін жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселесіне өз үлесімізді қосу мақсатында Алматы мектептерінен 100 оқушыны шақырып, әскери бөліммен таныстырдық. Жастардың әскерге деген оң көзқарасы қалыптассын деген оймен 8-11 сынып оқушылары шақырылды. Оқушыларға техника, қару-жарақ түрлерін көрсетілді», - деді Елжан Тұрсынбаев.
Оның айтуынша, Ұлттық ұлан офицерлері әскери бөлімге жақын орналасқан мектептерге де барып тұрады.
«Офицерлеріміз жақын орналасқан № 95, 25,16-мектептерде алғашқы әскери дайындық сабақтарын өткізіп тұрады. Ашық есік күндері оларды осында шақырамыз», - дейді ол.
Елжан Тұрсынбаев осы мамыр айында бөлімшеге көктемгі шақырту бойынша жаңа сарбаздар келетінін айтты.
«Мамыр айында 2017 жылдың 1-ші шақырылымы бойынша жас сарбаздар келеді. Біздің әскери бөлім, қаланың 8 ауданындағы тыныштықты қадағалайды. Сондықтан, біз жас сарбазға келе салысымен қауіпсіздік шараларын үйретеміз. Бірінші, қалай қорғану керек, әскери бөлімді қалай қорғау керектігі үйретілсе, кейін қару-жарақ қолдану тәсілі, көше тыныштығын сақтау жұмыстары түсіндіріледі»,- деді ол.
Жас сарбаздарға тұрақты түрде идеологиялық сабақтар жүргізіліп, оның барасында теологтар тарапынан да жат ағымдар туралы дәрістер беріліп тұрады.