Алматының 3 нысаны мәдени ескерткіштер тізімінен шығарылмақ
Қаулының жобасы Электронды үкімет порталының Ашық Үкімет бөлімінде жарияланды және ол 2018 жылдың 7 наурызына дейін көпшіліктің талқылауында болады.
Оған сәйкес, Алматы әкімдігінің 2010 жылғы 10 қараша күнгі №4/840 «Алматы қаласындағы жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізімін бекіту туралы» қаулысына өзгерістер енгізу көзделген.
Атап айтқанда, №3, №68 және №73 реттік нөмірлерімен белгіленген нысандар тарихи-мәдени ескерткіштер мемлекеттік тізімінен алынып тасталатын болады.
Олар: №68 ескерткіш - Бөгенбай батыр көшесі, 140 мекенжайында орналасқан бұрынғы «Ыссық» қонақ үйінің (Қазіргі «Цептер» фирмасының кеңсесі) ғимараты. «Ыссық» қонақ үйі өткен ғасырдың 30-40 жылдарындағы алғашқы қонақ үй кешені болатын. Үш қабатты ғимаратқа Кеңес одағы кезінде әр өңірден белсенді азаматтар форумдар мен съездерге жиналатын.
Сондай-ақ № 3 нысан - Қорған тарихи-археологиялық ескерткіші. Қорған б.з.д. VI-III ғасырларға тиесілі.
№73 сәулет ескерткіші - Майлин көшесінде орналасқан Алматы әуежайының бұрынғы ғимараты. Бұл - Қазақстандағы алғашқы әуежай ғимараты. 1937 жылы бой көтерген, 1957 жылы қайта жөнделді. Ұлттық нақыш берілген алғашқы ғимараттардың бірі соғыс жылдарына дейінгі қоғамдық сәулет өнерінің жарқын үлгісі. Қазір мұнда бизнес-терминал орналасқан.
Алматы әкімі осы қаулының орындалуын бақылауды Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевқа жүктеді. Қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.