Алматының Абай даңғылында жөндеу жұмыстары аяқталды

Алматы әкімдігінің мәліметінше, 2023 жылы орташа жөндеу жұмыстары аясында ұзындығы 6,5 км Абай даңғылының Тілендиев көшесінен Достық даңғылына дейінгі бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған болатын.

«Шілде айында орташа жөндеу жұмыстары басталып, оны осы жылдың 31 тамызына дейін аяқтау жоспарланған болатын. Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін жұмыстар түнде жүргізілді. Жөндеу жұмыстары барысын жылдамдату мақсатында даңғыл бойынша екі мердігер ұйым қатар жұмыс істеп, көлік жүретін бөлікті 12 тамыз күні аяқтауға мүмкіндік туындады. Тротуарларды жөндеу жұмыстары 31 тамызға дейін аяқталатын болады. Қазіргі таңда даңғыл бойынша жол таңбаларын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр»,- деп хабарлады әкімдіктен.

Биыл жол жөндеу маусымында қалада алғаш рет полимерлі асфальтбетон жабыны қолданылды. Жол құрылысында полимер қоспасын пайдалану жабын сапасы мен төзімділігін арттырып, битумның жуылып кетуінің алдын алады. Сонымен қатар, полимер жол жабынының пайдалану ұзақтығын арттырып, беріктігі мен аязға төзімділігін қамтамасыз етеді.
Жалпы, қала әкімдігі биыл 200 шақырымнан асатын 230 көшені орташа жөндеумен қамтуды жоспарлап отыр. Қала бойынша 3097 шақырым 2746 көше бар. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін биыл 86%-дан 89%-ға, ал 2025 жылға дейін 95%-ға жеткізу жоспарда.

Аталған мақсатта жыл сайын кемінде 200 км жол жөнделіп отыруы қажет. Осылайша, көрсетілген жұмыс көлемі жол инфрақұрылымын жақсарту жоспарларына сәйкес келеді.