Алматының «Алғабас» шағын ауданының тұрғындары ауыз сусыз қалуы мүмкін
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Алғабас» шағын ауданында орналасқан 50 үй бірінші тамыздан бастап сусыз қалуы мүмкін. Бұл туралы аудан тұрғыны Ерболат Досаевпен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы әкімімен кездесуге келген Алатау ауданы тұрғындарының бірі «Алғабас» ықшам ауданында кәріз желісі жүргізілмегенін айтып шағымданды.
«Біздің ауданда бірде-бір кәріз желісі өткен жоқ. Кеше бізге пәтер иелері кооперативінің төрағасы келіп 1 тамыздан бастап суды өшіретіні туралы айтты. Бұл шамамен 50 үй. Айтуынша, оған сорғы үшін 350 мың теңге төлеу тиімсіз. Олар суды қандай негізде өшіреді? Біз кәріздің тартылмағанына кінәлі емеспіз ғой»,- дейді аудан тұрғыны.
Ерболат Досаев келесі жылы кәріз желілері салынатынын жеткізді.
«Келесі жылы біз желілерді саламыз, бұған дейін ПИК сізді сумен қамтамасыз етеді. Біз сорғы мәселесін шешеміз. Әкімге тапсырма беремін»,- деп жауап берді шаһар басшысы.
Алатау ауданының әкімі «Алғабас» тұрғындарын сумен қамтамасыз ету мәселесі бақылауда екенін айтты.
«Алғабастағы жағдайға келетін болсақ, Рысқұловтың оң жағы-ол құрылыстың үшінші жобасына енгізілген, маусым айында жұмыстар басталған. Бұл жағын келесі жылы қазып аламыз. ПИК-пен сөйлесейік, 1 тамыздан бастап ешкім суды өшірмейді. Мен бұл мәселені шешемін»,- деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.