Алматының аптабында зообақ жануарлары қалай тіршілік етуде
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда аптап ыстықтың қайтпай тұрғанына бірнеше апта болды. Күндіз ауа температурасы +39 градусқа дейін жетеді. Қолайсыз ауа райында зообақ жануарлары қалай тіршілік етіп жатқанын ҚазАқпарат тілшісі біліп қайтты.
Зообақ қызметкерлері жануарларды ыстықтан қорғаудың бар амалын жасап жатыр. Жануарларға мұздатылған тамақ, суық су беруде. Сонымен қатар, олар үшін көлеңкелі саялы орындар жасалған.
Мамандардың айтуынша, Солтүстік мұзды мұхитынан келген жануарлардан бөлек ыстық аймақта өмір сүретін жануарлар да аптап ыстықтан аз зардап шекпейді.
Жабайы табиғат аясында арыстандар уақытын баобаб көлеңкесінде 20 сағаттан астам ұйықтаумен өткізеді. Леопардтар да ағаш бұтақтарына шығып алып ұйықтайды.
«Мысықтұқымдастар суды аса ұната бермейді. Тіпті ыстық кезде де суға аяқтарын салмауға тырысады. Ал зообақта біз вольерлерді дымқылдап тұрамыз. Пілдер болса жиі душ қабылдап тұрады. Ал сусиырлар мүлде судан шықпайды»,- деді зообақ қызметкері Михаил Сорокоумов.
Тарғыл гиеналар өз вольерлерінде ін қазып алып, ыстықта үңгірлерін паналап жүр.Ал Алькор есімді ақ аю дың вольері былтыр қайта жасалған болатын. Қазір оның вольерінде кондиционер қосулы.
Сондай-ақ, жануарлар үшін арнайы салқындатылған бассейн бар.