Алматының әуежайында сынап төккен адамды қамауға алу мерзімі екі айға ұзартылды

«Күдіктіні қамауда ұстау мерзімі 2017 жылдың 2 қаңтарына дейін ұзартылды», - деді баспасөз қызметінен.
Бұған дейін Алматы қаласы Түріксіб аудандық сотының қаулысымен күдікті Е.С-ті екі айға желтоқсанның 3-не дейін қамауға алуға санкция берілген. Күдіктіге қатысты қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін қылмыстық іс қозғалған. Ол Қазақстан Республикасының шекарасынан және Кеден одағы кедендік бақылау шекарасынан заңсыз жолмен салмағы 1 келі 950 грамм болатын химиялық элемент - сынапты алып өтпек болған. Осы фактіге байланысты ҚР ҚК 286-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Еске сала кетейік, Алматы халықаралық әуежайында 3 қазан күні «Алматы-Тбилиси бағытындағы «Эйр Астана» әуе компаниясының № 141 рейсіндегі жолаушыларды тексеру барысында бір жолаушының қол жүгінен құрамында сынабы бар құтыдағы сұйықтық байқалғаны хабарланған болатын.
«Жолаушының қол жүгінен сұйық зат байқалып, тексергенде, оның сынап екені анықталған. Осыдан кейін жолаушы ешкімнен сұрамастан, оны қоқыс шелегіне тастай салған. Сынап сонда төгілген. Оқиғаға қатысты 6 рейс кешігіп ұшты. 3-еуі ішкі рейс, қалғаны халықаралық рейстер», делінген хабарламада.