Алматының аумағы 11 мың 921 гектарға ұлғаяды
АЛМАТЫ. 22 мамыр. ҚазАқпарат - Алматыда қала шекарасына Алматы облысының Қарасай және Талғар аудандарынан жалпы көлемі 11 мың 921 га болатын жерді енгізетін болды.
Бұл туралы Алматы әкімдігінің қаулысы негізінде бүгін V шақырылымдағы Мәслихаттың V сессиясында шешім қабылданды. Республикалық маңызы бар қаланы одан әрі дамыту үшін мұндай шешімнің қабылдануы өте орынды. Өйткені Алматыда қазір туризмді дамыту, өнеркәсіптік инфрақұрылымды жаңарту, мегаполистің жол тораптарын кеңейту, әлеуметтік құрылыс нысандарын салуды ұлғайту, қала шекарасын ретке келтіру күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселелер болып отыр. Мысалы жаңадан қосылған жерлерге «Көк-Жайлау» тау шаңғысы курорты, бобслейлі трасса, жабық мұз айдыны, «Бүкіләлемдік қысқы универсиада-2017» спорт нысандарын салу жоспарлануда. Сол себепті Алматы қаласының шекарасын өзгерту жобасы мәслихат шешімімен бірге ҚР Үкіметіне жіберіледі.
Мәслихат сессиясында бұдан басқа 2012 жылғы нақтыланған бюджет пен қалада жолаушы көлігі мен жүк тасымалдауға бірыңғай тарифті енгізу мәселелері қаралған болатын. Алматы қаласының 2012 жылғы бюджеті 338 млрд. 254 млн. 197 мың теңге болып бекітілді. 2012 жылғы бюджетті нақтылауда оның кіріс және шығыс бөлігі 7 млрд. 264 млн. 982 мың теңгеге ұлғайған. Бұған салық және басқа төлемдердің оң қозғалысы мен бұрынғы қалдықтарды дұрыс бөлу арқасында қол жетіп отыр. Бұл қаржы енді білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, жастар саясаты, энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын дамытуға жұмсалатын болады.