Алматының Бас жоспары: 200 мектеп пен 80 емхана салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қаланың Бас жоспары қалай құрылғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматының Бас жоспары: 200 мектеп пен 80 емхана салынады

«Біздің мақсатымыз – Алматыны бәсекеге қабілетті экономикасы бар халықаралық деңгейдегі жайлы және қауіпсіз қалаға айналдыру. 2023 жылғы 3 мамырда Үкімет қаулысымен Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілді. Бас жоспар «Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасын және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларды» ескере отырып, полицентризм принциптеріне негізделген», - деді Ерболат Досаев елордалық Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бас жоспарда 2040 жылға қарай халық санының 3 млн адамға дейін көбею болжамы және экономиканың орташа жылдық 5%-ке өсуі ескеріліп, 5 полицентр құрылымын қалыптастыру көзделген.

«Білім беру және денсаулық сақтау нысандары қадамдық қолжетімділікте болады. 200 жаңа мектеп және 80-нен астам медициналық мекеме салынады. Қоғамдық көлік үлесі 60%-ке дейін ұлғайтылады. 210 км жаңа жолдар, 3,6 мың км инженерлік желі және ауданы 2 750 га жаңа саябақтар мен скверлер салынады», - деді Е. Досаев.

Айта кетейік, Ерболат Досаев Астанада жыл басынан бергі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы есеп беріп жатыр.