Алматының бас жоспарына азаматтардың ұсынысы енгізіледі - әкімдік

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов онлайн талқылауда шаһардың бас жоспары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Алматы әкімдігі 1 қаңтарда қаланың бас жоспарын бекітпекші деген мақала жарияланды. Алайда, бұл шындыққа жанаспайды. Сондықтан бүгін біз алғашқы тыңдауды өткізіп жатырмыз. Заңды талаптар бар, олар бойынша барлық процедуралар орындалуы керек. Біз бас жоспардың әр бөлімін кестеге бөлдік «, - деді Алмасхан Ахмеджанов қаланың жаңа бас жоспарын онлайн талқылау кезінде.

Оның айтуынша, бас жоспар - бұл саяси емес, қала аумағының тұрақты дамуын қарастыратын және қамтамасыз ететін нормативті-техникалық құжат.

«Алдымен біз сіздермен бас жоспарға қандай шектеу енгізу керектігін талқылаймыз. Бүгін қалада 1 920 000 тұрғын бар. Олардың саны өсіп жатыр. Сондықтан, бас жоспар, ең алдымен қаланы дамытуға арналған құжат. Оның ішінде проблемалар бар: экологиялық, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі және тағы басқалары», - дейді ол.

Спикер азаматтардың ұсынысы мен тілектері бас жоспарға енгізілгеннен кейін құжат қала мәслихатына, содан кейін ҚР Үкіметіне ұсынылатынын атап өтті.

«Бас жоспар 12 бөлімнен тұрады. Сарапшылармен бөлек кездесу ұйымдастырамыз. Біз бас жоспар жобасын бірден қабылдайын деп жатқанымыз жоқ. Алдымен оны сіздермен талқылағымыз келеді. Содан кейін біз қала тұрғындарының барлық пікірлерін ескеріп, жобалаушы ұйыммен сөйлесеміз. Бірінші кезең - қоғамдық және экологиялық тыңдау өтеді. Бүгін өтіп жатқан шара. Одан кейінгі тыңдау қаңтарда өтеді, біз сәулеттік-жоспарлау шешімдерін талқылаймыз .Үшінші кезең - экономикалық негіздеме бөлімдерін талқылау. Біз бұл кезеңге біртіндеп бара жатырмыз. Біз бәрін 10 минутта қабылдамаймыз. Біздің міндетіміз - барлық азаматтар мен сарапшылардың пікірін тыңдау», - деді спикер.


Соңғы жаңалықтар