Алматының бірқатар мектебінде бастауыш сыныптардың сабақтары тоқтатылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының бірқатар мектептерінде бастауыш сыныптардың сабақтары тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ләззәт Жылқыбаеваға сілтеме жасай отырып.

Алматының бірқатар мектебінде бастауыш сыныптардың сабақтары тоқтатылды

Алматы қаласы Білім басқармасы Алатау ауданы «Заря-Восток» ықшамауданындағы №150 мектепте,  Бостандық ауданы Нұрлытау ықшам ауданындағы №190-шы және «Қазақфильм» ықшам ауданындағы №88, №70 мектептерде сабақтарды уақытша тоқтатқан.

Сонымен қатар, Білім басқармасының шешімімен Наурызбай ауданы Қарағайлы ықшам ауданындағы №192 мектеп пен Медеу ауданы Алатау ауылындағы №7 мектепте бастауыш сыныптары мектепке бармайтын болды.

Ләззәт Жылқыбаеваның айтуынша, бұл мектептер Алматының тауға жақын ықшам аудандарында орналасқан.

«Мәселен, «Қазақфильмде» таңғы 5-те -29 градус болған. Осыған байланысты таңертең бірқатар мектепте бастауыш сыныптарда сабақ тоқтату туралы шешім шығардық», - деді ол.

Айта кетейік, кеше Алматы қаласы бойынша ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Сандуғаш Баймұхамбетова -25 градус аязға екпінді жел қосылғанда Алматы мектептеріндегі бастауыш сыныптарда сабақ тоқтатылатынын ескерткен болатын.