00:32, 11 Маусым 2016 | GMT +5
Алматының Бостандық ауданында автожолды ішінара су басты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін, 10 маусымда, сағат 18-дің шамасында Бостандық ауданында Алма-Арасанға баратын жолда Үлкен Алматы өзенінің су деңгейі көтеріліп, Дулати көшесінде автожолды ішінара су басты. Бұл туралы Алматы ТЖД ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова хабарлады.

«Су жолдың үстін басып, төмен қарай өзінің арнасына қайтты. Су басу қаупі жоқ. Қазіргі кезде түтікті өткел алынып тасталып, адамдар мен техниканың өтуі үшін уақытша көпір жасалып, бетон блоктар салынды», - деп хабарлады ол.
Апаттық-қалпына келтіру жұмыстарына 39-дан астам адам тартылды, оқиға орнында «Қазселден қорғау» мекемесінің және «Алматы Су Холдингінің», сондай-ақ Алматы ТЖД-ның мамандары жұмыс істеуде.