Алматының Бостандық ауданында жастар ресурстық орталығы жұмысын бастады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы мен Бостандық ауданы әкімдігінің қолдауымен жастар мен жастар ұйымдары үшін әлеуметтік алаң ұсыну мақсатында Бостандық ауданында «Almaty jastary» жастар ресурстық орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жастар ресурстық орталығы жастарға қызмет көрсету орталығы қағидаты бойынша (жұмысқа орналастыру, тұрғын үй мәселесі, мемлекеттік бағдарлама, кәсіпкерлік және т. б.) жұмыс істейтін болады.
Одан бөлек, орталықта «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау орталығының да мамандары бар. Жұмыссыз жүрген жастар осында келіп кеңес алып, стартап жобасын бастай алады. Қазір кең ауқымда жүріп жатқан бағдарламаның бірі «Бизнес бастау». Кәсіпкер болуға ниетті жан өз жобасын қорғап мемлекеттен 505 мың теңге қайтарымсыз грант ала алады.
Сондай-ақ, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар, жастарға арналған мүмкіндіктер және қалада жүргізіліп жатқан реформалар, жас отбасылар арасында ажырасудың алдын алу, NEET санатындағы жастармен жұмыс, жастарға анонимді психологиялық көмек көрсету, жастар мен жастар ұйымдарына құқықтық, әдістемелік көмек көрсету туралы кеңестер өткізіледі.

Сонымен қатар, орталық қызметкерлері Бостандық ауданының жастарына колледждер мен жоғары оқу орындарына түсу, жатақхана алу мәселелері бойынша кеңес беретін болады.
Қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін call-орталық құрылады, ол аудан жастарына онлайн режимде кеңес береді.
Айта кету керек, бүгінгі таңда қаланың барлық ауданында «шетсіз қала» қағидаты бойынша оңтүстік астананы дамыту шеңберінде Жастар ресурстық орталығы ашылды.