Алматының ерекше қорғалатын табиғи аймақтарында от жағуға болмайды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының ерекше қорғалатын табиғи аймақтарында от жағуға болмайды. Ол үшін ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес, әкімшілік айыппұл төлеу жазасы қарастырылған.

Алматының ерекше қорғалатын табиғи аймақтарында от жағуға болмайды

Бұл туралы Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Самат Асаинов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы қаласының ерекше қорғалатын табиғи аймақтары аумағында және белгіленбеген жерде от жаққаны үшін Орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 367-бабы бойынша әкімшілік айыппұл салуға уәкілетті екенін атап өткім келеді. Бұл ретте жеке тұлғаларға 10-нан 100 АЕК-ке дейін, яғни, 30 мың 630 теңгеден бастап 306 мың 300 теңге дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Демалушылардың назарына айта кетейін, қазіргі уақытта Алмаарасан шатқалының аумағында, Үлкен Алматы, Казачка өзендерінің бойында ыстық тамақ дайындау үшін арнайы жабдықталған орындар (орындық, үстел, от жағуға арналған бетондалған алаң, мангалдар, барбекю және т.б.) бар», - деді Самат Асаинов.

Сондай-ақ, ол қала тұрғындары мен қонақтарына таулы-орманды жерлерде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды.

«Белгіленген орында от жақпаңыз, мангалдар мен тамақ дайындауға арналған басқа да құралдарды пайдаланбаңыз, белгіленбеген орындарда темекі шекпеңіз, жанып тұрған сіріңке, темекі тұқылын лақтырмаңыз, таулы-орманды жерде бензин, керосин және өзге де жанғыш затпен майланған материалды қалдырмаңыз, күн сәулесі түсетін орман алаңында бөтелке, шыны сынықтары мен басқа да қоқыстарды қалдырмаңыз, құрғақ шөпті өртемеңіз. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаңыз», - деді ол.