17:50, 23 Тамыз 2022 | GMT +5
Алматының индустриалды аймағында 19 жоба жүзеге асырылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Индустриялық аймақ Алатау ауданының басты өнеркәсіптік әлеуетіне айналды. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Ертіс Бесіров Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Индустриялық аймақ ауданның басты өнеркәсіптік әлеуетіне айналды. Бүгінде құны 114,7 млрд теңге болатын 19 жоба іске асырылды, 519,1 млрд теңгеге өнім өндірілді», - деп атап өтті Ертіс Бесіров.
Сонымен қатар, ол 2022 жылдың 6 айында Алатау ауданы бойынша мемлекеттік бюджетке 35,4 млрд теңге түскенін атап өтті.
«Оның ішінде республикалық бюджетке – 17,4 млрд теңге, жергілікті бюджетке – 17,9 млрд теңге. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 52,4 млрд теңгеге жетті. Жыл басынан бері 3 516 жұмыс орны ашылды»,- дейді спикер.
Айтуынша, жыл соңына дейін тағы 6 жоба іске қосылады.