Алматының Индустриалды аймағында 200 га жер инвесторларға берілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Индустриалды аймағында 200 гектардан астам жер инвестициялық жобаларды іске асыру үшін кәсіпкерлік субъектілеріне берілді.
None
None

Бұл туралы «Алматы қаласының Индустриалды аймағы» ЖШС (ИА) директоры Әділ Бөрлібаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ИА аумағында өнеркәсіп өндірісін орналастыру үшін 275,6 гектар жер беру көзделген. Қазіргі уақытта инвестициялық жобаларды іске асыру үшін кәсіпкерлік субъектілеріне уақытша пайдалануға 204,2 гектар жер берілді»,  - деді Ә.Бөрлібаев.

Оның айтуынша, жер телімдеріне иелік ету түрлі жағдайда шешілуі мүмкін. Бүгінгі күні, өндіріс құрылысы уақытында жерді 3 жылға дейінгі мерзімге уақытша өтеусіз пайдалану (жылына шаршы метрі үшін 42 теңге бағасымен жалға алу) құқығы беріледі. ИА аумағында жер телімдерін пайдалану құқығын Өңірлік үйлестіру кеңесі мен қалалық жер комиссиясы шешімдерінің негізінде Алматы қаласының жергілікті атқарушы органдары береді.

«Инвестициялық жобаны іске асыруды және өнеркәсіп нысанын пайдалануға енгізуді аяқтау кезінде кәсіпкер жерді әрі қарай да жалға алуды, не оны жекеменшікке сатып алуды өзі таңдай алады», - делінген Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы хабарламасында. 

«Бұдан басқа, егер жоба ауқымды болса, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар комитетімен келісімшарт жасасу мүмкіндігі бар, ол бойынша жер телімі кәсіпкерге заттай грант ретінде, яғни тегін берілуі мүмкін»,  - деді Ә.Бөрлібаев.

Алматы қаласының Алатау ауданындағы ИА аумағында 490 гектар жер бар. Оның 156,1 гектары - инфрақұрылым құрылыстарына (автомобиль жолдары, теміржол стансысы, көліктік-логистикалық орталық, әкімшілік орталығы),  56,2 гектары  - электр беру құрылғыларының кернеуі жоғары желілерін шеттету аймақтарына, 275,6 гектары өнеркәсіп өндірістерін орналастыруға арналған.

Соңғы жаңалықтар