Алматының ірі сауда орталықтарында жалдау ақысы арзандады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлер жалға алып отырған ғимараттардың ақысын төлеуде қандай жеңілдіктер қарастырылғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Елде төтенше жағдай режимі енгізілген уақытта қызмет көрсету саласы - қоғамдық тамақтану, фитнес және спорт, сауда орындары айтарлықтай шығынға ұшырады. Бизнес үшін ғимарат жалдаған 9 мыңға жуық (24,7%) кәсіпкер қиындыққа тап болады. Қазір жалға берушілермен жеңілдік шарттарын ұсыну мәселесі талқыланып жатыр»,– деді шаһар басшысы.

Әкімнің айтуынша, карантин кезінде ғимарат иелерінің басым бөлігі кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, жалдау ақысын алған жоқ.

«Төтенше жағдай мен карантин кезінде ірі сауда нысандарының иелері, оның ішінде 153 ойын-сауық орталығы, сауда орталықтары, сауда үйлері мен базарлар 40 мыңға жуық жалға алушыдан жалдау ақысын алуды тоқтатты. Сонымен қатар, қазіргі уақытта көптеген базарлар мен сауда және ойын-сауық орталықтары жалға беру құнын 20-30% төмендеткен», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Алматы қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының көмегімен 2,7 млрд теңгеге 13 мыңға жуық сауда объектісін жалға алушылардың проблемасы шешілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Мысалы, «Moskva metropolitan» сауда орталығының сауда алаңдарында 180 жалға алушы бар, олардан ай сайын 265 млн теңге төлем түседі. Қомақты шығынға ұшырағанына қарамастан, жалға беруші дағдарысқа қарсы жеке шараларды қабылдай отырып, жалға алушыларды төлемдерден босатты.

«Автосити» сауда үйінде 120 жалға алушы бар, олардан ай сайын 6 млн теңге түседі. Сауда үйі де жалға алушыларға қолдау көрсетуге және төтенше жағдай мен карантин кезінде оларға демалыс беруге дайын.

Қала әкімі несие төлемін шегеруге қатысты айта келіп, екінші деңгейлі банк басшыларының төлемдерді шегеру мәселесі талқыланатын Іскерлік кеңесінің құрамына енгенін хабарлады. Бүгінгі күні 127,3 млрд теңгенің 360 мың несиесі бойынша төлем шегерілді.

Сонымен қатар, бизнесті қолдау мен дамыту жөніндегі мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында сыйақы мөлшері төмендетілді. Мысалы, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлер үшін мөлшерлеме 6%-ға дейін (бұрынғысы 8,4%), «Almaty Business-2025» бағдарламасы аясында 7%-дан 6%-ға дейін азайды.

«Даму» қорымен бірге шағын және орта бизнес енді қарқын ала бастаған Алатау, Наурызбай, Жетісу, Түрксіб және Әуезов аудандарында сыйақының жылдық мөлшерлемесін 7%-дан 5%-ға дейін төмендету бойынша жұмыстар жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар