Алматының IT-архитектурасы қалай қалыптасады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев онлайн брифинг барысында цифрлық жобаларды іске асыру және цифрландыру сапасын дамыту жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2020 жылы міндеттердің бір бөлігі білім беру және спорт салаларындағы IT-шешімдерді отандық жеткізушілерді іздеуге, сондай-ақ тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық саласын автоматтандыруға деген қажеттілікті анықтауға бағытталды», - деп атап өтті Б.Қоңырбаев.
Айта кетейік, ІТ-кеңес жұмысының қорытындысы бойынша Алматы әкімі мен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі «Зерде» холдингімен бірлесіп әзірленген Алматының IT -архитектурасын қалыптастырудың мақсатты жоспарына қол қойған болатын.
«Жоспарға сәйкес, білім беру саласы үшін 25 отандық IT-компания, 17 білім беру платформасы және жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етудің 8 жеткізушісі анықталды. Спорт саласында-спорттың міндеттеріне қарай бейімдеуге болатын 9 отандық IT-компания және алты білім беру платформасы бар. ТКШ саласында коммуналдық қызметтерді барлық жеткізушілер бойынша электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесін енгізу және басқа ведомстволардың тиісті дерекқорларымен интеграциялау арқылы тұрғын үй иелері бойынша деректерді өзектендіру қажеттілігі анықталды»,-дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, ол цифрлық трансформация процестеріне халық пен бизнесті тарту деңгейін арттыру, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл, Алматының IT-секторына тікелей инвестициялар тарту, бизнесті дамыту және халықаралық ынтымақтастық мәселелері қаралатынын тілге тиек етті.