Алматының кәсіпкерлік субъектілерінен екі жылда 2017 заңсыз өнім тәркіленген

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 2020-2022 жылдар аралығында Алматының орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерінен сомасы 2 млн теңгеден асатын заңсыз 2 017 өнім тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Алматы қаласы Әділет департаментінің баспасөз хатшысы Алмас Бекботаевтың айтуынша, 2020-2022 жылдары ведомство жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша «L.O.L.SURPRISE», «SAMSUNG», «Greenfield», «Penoplex/Пеноплэкс», «LIQUIMOLY», «Moskovskaya» тауар таңбаларын заңсыз пайдалану фактісі негізінде орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне кезектен тыс 7 тексеру жүргізген. Нәтижесінде, кінәлі тұлғаларға 920 мың теңге айыппұл салынды.

«Заңсыз айналымнан жалпы сомасы 2 млн 638 мың 540 теңге болатын 2 017 өнім тәркіленіп, жойылды. Кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 920 мың 218 теңге айыппұл салынды. Құқық бұзушылықтардың негізгі объектілері – тұрмыстық химия, контрацепция құралдары, алкоголь өнімдері, киім-кешек және әлемге әйгілі өндірушілердің тауар белгілері белгіленген автомобиль бөлшектері, кеңінен тұтынылатын тауарлар. Айта кетейік, аталған заттарды заңсыз пайдаланғаны үшін жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 80 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады және тауарлар тәркіленіп, жойылады. Тауар таңбасын заңсыз пайдалану арқылы құқық бұзылған жағдайда, әділет органдарына жүгінуге болады», - деді Алмас Бекботаев өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында.

Сондай-ақ, ол Әділет министрлігінің Ұлттық зияткерлік меншік институты тауар белгісін тіркеудің уәкілетті органы екенін жеткізді.

«Тауар белгісін тіркеу үшін өтінімді рәсімдеп, оны ҚР Әділет министрлігінің Ұлттық зияткерлік меншік институтына беру қажет. Әр азамат тауар таңбасын тіркеуге өтінімді kazpatent.kz сайтындағы жеке кабинеті арқылы, www.egov.kz – ҚР электронды үкімет порталы арқылы беруге құқылы», - деді спикер.


Соңғы жаңалықтар