Алматының қай көшелерінде жол апаты жиі болады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жол-көлік апаты бойынша Алматы қаласы өзге өңірлермен салыстырғанда «көш бастап» келеді. «ҚазАқпарат» тілшісі Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитеті әзірлеген мәліметтірді негізге ала отырып, Алматының қай ауданында, қай көше қиылыстарында барынша мұқият болу қажеттігін анықтады.
Алматыда жыл басынан бері 2 497 жол апаты тіркелді, бұл 10 мың адамға шаққанда 32 оқиғадан келеді. Бұл - Қазақстан бойынша ең үлкен көрсеткіш.
Аталған комитет мәліметтеріне сүйенсек, жол апаты көбіне Алмалы ауданында болады. Онда жыл басынан бері 410 жол апаты болса, келесі қауіпті аудан Алатау ауданы, онда 374 апат, Жетісу ауданында - 345, Әуезов ауданында - 341 жол апаты болған. Медеу ауданы қауіпсіз аудан ретінде бағаланып отыр, онда жыл басынан бері 250 апат болған.
Көлік апаты жиі болатын жол қиылыстары Әуезов, Бостандық, Алатау, Медеу аудандарында орналасқан. Комитеттің интерактивті картасындағы ақпаратқа сүйенсек, биыл ең көп жол апаты Тастақ маңында, Төле би - Түркебаева - Тұрғыт Озал көшелерінде болған. Жыл басынан бері онда 26 апат тіркелген. Келесі апатты қиылыс - Абай мен Алтынсарин көшелері. Онда жыл басынан бері 21 оқиға тіркелсе, Фурманов-Райымбек-Пушкин көшелерінің қиылысында - 20, Абай мен Саин көшелерінің қиылысында 16, Жандосов-Сатпаев-Манас үш бұрышында 12 оқиға, Бекмаханов пен Солтүстік айналма жолда 12 көлік апаты тіркелген.
Алматы полицейлері жол-көлік апатының алдын алу жұмыстары жақсы нәтиже беріп жатқанын, әсіресе балалардың жол апатынан зардап шегуі азайғанын айтты.
«Жаяу өткелдер, айналма жолдар жарақаттану көрсеткішін төмендетті. Сондай-ақ, ІІД мен Денсаулық сақтау басқармасының бірлескен жұмыстары нәтижесін бере бастады. Биылғы жылдың алғашқы 4 айында балалар зардап шеккен жол апаты 245 рет тіркелсе, былтыр сәйкес кезеңде 320 рет болған», - дейді ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.