Алматының «Қайраты» УЕФА Кубогында алғашқы кездесуін Португалияның «Спортинг» клубымен өткізеді

АЛМАТЫ. 27 сәуір. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Сәуірдің 29-ы күні Алматыда шағын футболдан УЕФА Кубогында Алматының «Қайраты» алғашқы кездесуін Португалияның «Спортинг» клубымен өткізеді.
None
None

Бұл жайында аталған Кубоктың финалына жолдама алған төрт команданың жаттықтырушылары арнайы баспасөз мәслихатын өткізу барысында айтты.

Естеріңізге сала кетсек, сәуірдің 29-ы мен мамырдың 1-і аралығында Алматыда шағын футболдан УЕФА Кубогының ақтық бәсекесі өтеді. Оған «Қайрат», «Спортинг», «Бенфика» және «Монтесильвано» клубтары қатысады.

«Алғашқы кездесуді «Қайрат» клубымен өткіземіз. Әзірге қатысушы клубтардың қайсысының пәрменділігі басым деп айту ерте, дегенмен алғашқы кездесу, ойынның ары қарай қалай өрбитіндігін көрсетеді», -дейді «Спортинг» клубының жаттықтырушысы Орланду Дуарте.

«Өткелі отырған бұл жарыс Қазақстан үшін өте маңызды шара. Жарысқа қатысушы төрт команда да үздік шығу үшін барын салатыны белгілі. Осы Кубокқа дайындық барысында көптеген еуропалық командалармен жолдастық кездесулер өткізіп, өз шеберлігімізді шыңдай түстік. Дегенімен, ойынға келген жанкүйерлердің қолдауы жарыста жеңіске жетуге үлкен көмек болар еді», -дейді «Қайрат» клубының жаттықтырушысы Жоао Барбоза.

Сонымен, 29-шы сәуір күні Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде астана уақытымен сағат 18:30-да «Қайрат» және «Спортинг» командалары арасында кездесу өтсе, 21:00-де «Бенфика» мен «Монтесильвано» клубтары өз өнерлерін көрсетеді. Мамырдың 1-і күні сағат 15:00-де үшінші орын үшін кездесу өтсе, сағат 17:30-да финалдық бәсеке болады.

Қазіргі уақытта аталған Кубокқа таласушы клубтардың спортшылары Алматыға түгелдей келіп, ойын алдындағы жаттығуларын жүргізуде.

Соңғы жаңалықтар