Алматының коммуналдық паркі газбен жүретін автобустармен толықты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қаланың коммуналдық паркі газбен жүретін жаңа 37 автобус алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматының коммуналдық паркі газбен жүретін автобустармен толықты

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес коммуналды және қоғамдық көлік жоспарлы түрде экологиялық таза отындарға көшуде. Басты мақсат – қаланың экологиясын жақсарту және жолаушыларды тасымалдаудың сапасын арттыру.

Жаңа автобустарды тұрғындардың өтініші бойынша №34 бағытта жүргізу жоспарда.

Бүгінгі күні автобустарды техникалық бақылаудан өткізіп, құжаттарын рәсімдеп жатыр. Олар қала көшелеріне 2021 жылдың 20 наурызында шығады.

Ұзындығы 12 метр болатын жаңа автобустардың сыйымдылығы 90 адам. Үш есігі бар, оның біреуінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған платформасы бар. Автобустар автоматты бейнебақылау жүйелерімен, жолаушылар санын есептейтін және жүргізушілердің шаршағанын бақылайтын датчиктермен жабдықталған.

Айта кетейік, жаңадан қослыған қоғамдық көліктерді есептегенде қала бағыттарында газбен жүретін 389 автобус қызмет көрсететін болады.