Алматының М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры Астанаға келеді
АСТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат - Алматының М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры Астана қаласына гастрольдік сапармен келеді. Бұл туралы ҚР Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Театрдың 26-30 тамыз аралығында өтетін гастролі Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр.
5 күн қатарынан алматылық әртістер К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының сахнасында көрермендер назарына 3 спектакльдің қойылымын ұсынатын болады. Олар - Шыңғыс Айтматов пен Қалтай Мұхамеджановтың «Восхождение на Фудзияму», Марк Камолеттидің «Пижама на шестерых» және Рустам Ибрагимбековтың «Ищу партнёра для нечастых встреч» спектакльдері.
Театр ұжымы гастрольдік сапарын кейін Қарағанды облысында жалғастырмақ.