Алматының мамандандырылған ХҚО-ларында кезек болмас үшін қосымша 48 терезе ашылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматының мамандандырылған ХҚО-ларында автокөлік иелерінен кезек пайда болды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметі қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматының мамандандырылған ХҚО-ларында кезек болмас үшін қосымша 48 терезе ашылды

Кезекті азайту мақсатында шетелдік көліктерді заңдастыруға өтініш қабылдау үшін қосымша 48 терезе ашылған.

«Басқа бөлімдердің қызметкерлері тартылды, күшейтілген жұмыс режимі енгізілді. Мәселен, №1 мамандандырылған ХҚО-дағы шетелдік көліктерді заңдастыру бойынша құжат қабылдап отырған 10 қызметкер 42 адамға ұлғайтылды. №2 МХҚО 8 терезе орнына 16 терезе жұмыс істеп тұр. №5 МХҚО-да 10-нан 12 терезеге және №6 МХҚО-да 9-дан 15 терезеге ұлғайтылды», - деп хабарлады «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы филиалының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, баспасөз қызметі көлікті заңдастыру үшін eGov.kz порталы және екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшалары арқылы берілген өтінімдер 1 шілдеден кейін де уәкілетті органда қаралатындығын еске салды.

«Автокөлік иелеріне айтар кеңесіміз, мамандандырылған ХҚО-ға келіп уақытыңызды кетірмей, үйде отырып онлайн өтініш беріп, мақұлдау алған соң ғана мамандандырылған ХҚО-ға келіңіз», - деп ескертті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қалалық филиалынан.

Еске салайық, өткен айда да Алматыдағы автоХҚО-ларда ұзын-сонар кезек пайда болған еді.

Бұған дейін хабарланғанындай, шетелдік автокөліктерді заңдастыру мерзімінің аяқталуына аз уақыт қалуына байланысты мамандандырылған ХҚО-лар күшейтілген жұмыс режиміне көшті.