Алматының Медеу ауданы ІІБ-нің лауазымды қызметкерлері адам азаптады деп айыпталуда
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Медеу аудандық ішкі істер басқармасының лауазымды тұлғалары жалған дәлелдемелер жасап, адамды азаптады және заңсыз қамауда ұстады деп айыпталып отыр.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі қалалық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның хабарлауынша, Медеу ауданы ІІБ лауазымды тұлғаларына қатысты ҚР ҚК 146-бабының 2-бөлімі 1 тармағы, 414-баптың 3-бөлімі, 416 баптың 6-бөлімі (Адам қинау, заңсыз адамды ұстау, қамау және аса ауыр қылмыс туралы қылмыстық іске жалған дәлелдер жасау) бойынша қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданды.
«2015 жылдың шілде айында полиция қызметкерлері (Құны 50 млн теңгеден асатын ұрланған зергерлік бұйымдарды анықтау мақсатында) М деген азаматтың пәтеріне өтірік айғақтар қалдырып, оны қамауға алған. Кейін М деген азаматтың зергерлік бұйымдарды ұрламағаны анықталып, оны ақтау үкімі шығарылды. Аталған қылмыстық іс бойынша жалған айғақ келтіргені үшін аудан прокуратурасы тарапынан аудандық полицияның бұрынғы басшысы мен криминалды полиция бөлімі қызметкерлері үстінен қылмыстық іс қозғалды», - делінген прокуратура хабарламасында.
Алдын ала сот тергеуін Алматы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро жүзеге асырды.
«Жұмыстың ауқымдылығына және қылмыстың ауырлығына байланысты осы іс бойынша прокурорлар тағайындалды, олар алдын ала сот тергеуі басталғаннан сотта істің толық қаралып біткенінше бақылау жүргізді. Бұзылған конституциялық құқықты қалпына келтіру мен азаматтардың заңды мүддесін және қылмыстық іске заңсыз тартылғандарды қорғау бойынша жұмыс жалғасуда», - деп хабарлады прокуратура.