Алматының Медеу ауданында ағаштарды суару кестеге сәйкес жүргізілуде

АЛМАТЫ. ҚазАҚпарат- Медеу ауданында ағаштарды суару кестеге сәйкес, су жинау арық жүйесі арқылы жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматының Медеу ауданында ағаштарды суару кестеге сәйкес жүргізілуде

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Медеу ауданының оңтүстік бөлігінде аптап ыстықтың салдарынан мұздықтардың қарқынды түрде еруі нәтижесінде сумен жабдықтауда шектеу байқалады.
Аталған жағдайға байланысты кейбір әлеуметтік желі қолданушылар аудандағы ағаштардың қурап кетуі мүмкін екені туралы ақпарат таратты.
«Орталықтандырылған сумен жабдықтау жасыл желектерді суаруға арналмаған. Суаруға арналған су жинау арық жүйесінен (ауданы - 37,5 га) 12 мотопомпаның және жинақтағыштың көмегімен Кіші Алматы өзенінен алынады. Кестеге сәйкес, бұл су автоматтандырылған жүйенің көмегімен жалпы ауданы 122,97 га болатын 25 мекенжайға пайдаланылады, сонымен қатар 30 арнайы техниканың көмегімен жалпы ауданы 36,75 га болатын 24 аймақ суарылады»,- деп хабарлады әкімдіктен.
Айта кетейік Медеу ауданында жалпы ауданы 197 га болатын 76 жасыл желек бар, оның 31-і сквер, саябақ, жасыл аймақ және 45-і жол, бульвар, жол айырыққа жатады.